Қазы Бұрханеддин

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 41

1330191
Қазы Бұрханеддин

Анадолы тарихында Сивас қаласының орны ерекше екендігі белгілі. Селчук мемлекетінің маңызды орталықтарының бірі болған қала Анадолының Елхан мемлекетіне бағынышты болған кезінде де бас қалалардың бірі болды. Ирандағы Елхан билеушілерінің өңірге тағайындаған әміршілері негізінен Сивас қаласын өздерінің ордасы ретінде қолданды. Әбу Саид Баһадүр ханның Анадолыдағы соңғы әкімі Алааддин Еретна Бей 1335 жылы Елхан билеушісі қайтыс болғаннан кейін Сиваста өзін тәуелсіз бейлік деп жариялағаннан бастап, Еретна бейлері Анадолының жаңа билеушілері ретінде әрекет ете бастады. Мысалға аймақтағы көптеген бейліктер Еретнаұлдарына салық төлеп тұрды. 1370-жылдардың соңына қарай Еретна бейлігінің әлсірей бастауымен Еретнаның мұрасына талас басталды. Осы таласты Қазы Бұрханеддин жеңіп шығып, өзін Анадолының жаңа иесі ретінде көрсете бастады. Бүгінгі бағдарламамызда осы тұлғаның өмірбаянын қарастырамыз.

Ұлы тұлғамыз 1345 жылдың 8 қаңтарына дүниеге келген. Шын есімі – Ахмед. Әкесі сол кезде Кайсери қазысы болған Шамседдин Мұхаммед болып табылады. Аталары он үшінші ғасырдың басында Түркістаннан Анадолыға көшіп келіп, Кастамону, содан кейін Кайсери өңірін қоныстанған оғыздардың Салур руынан шыққан болуы керек. Белгілі аталарының барлығы қазы болып қызмет еткендігі мәлім. Сұлтан II. Ғияседдин Кейхусраудың туысы болып келетін Қазы Бұрханеддиннің анасы Анадолы Селчуктарының беделді тұлғаларының бірі Жәлеледдин Махмуд Мустауфидің ұлы Абдулла Челебидің қызы болып табылады.

Осы жерде «қазы» атағына тоқтала кетуіміз керек. Кейде «қады» болып та аталатын бұл атау Ислам өркениетінде адамдардың арасындағы  дауларды шешу мақсатында билеуші тарапынан тағайындалатын тұлға болған. Осы тұрғыдан қарағанда қазының негізгі міндеті қоғамда әділдікті орнату болып табылатын. Бірақ уақыт өте келе, қазының міндеттеріне тек құқықтық жауапкершіліктер ғана емес, әкімшілік міндеттер де берілетін болған. Десе де, қазының басқа әкімдер мен әміршілерден айырмашылығы оның терең білім иесі болуы еді. Демек, Қазы Бұрханеддиннің аталары тек ел тұтқасын ұстап қана қоймаған, сонымен қатар ел ішінде сөзі сыйлы адамдар болған.

Бұрханеддин Ахмед өзінің білім алуын ерте жаста әкесінің қатаң бақылауында бастаған. Араб және парсы тілдерімен бірге лұғат, грамматика, каллиграфия, есептеу және логика сабақтарын оқыды. Ол сонымен қатар әскери машықты жақсы көретін.  Ол атқа міну, қылыштасу және садақ атумен айналысқан. 1356 жылы ұлы тұғамыз әкесімен бірге Шамға, ал екі жылдан кейін Каирге барған. Ол жерде Фиқһ, хадис және тәпсірді үйренген. 1362 жылы ол Шамдағы өз дәуірінің ғұламасы Кутбүддин эр-Разиді зиярат етуге барды және одан математика және дінтану сабақтарын алған. Он тоғыз жасында ол Шамнан қажылыққа барған. Анадолыға қайтып келе жатқанда әкесі Шәмседдин Мұхаммед Сирияның солтүстігіндегі Мааррада қайтыс болғандықтан, Халепте бір жыл тұрып, ол жерде де ғылыммен айналысқан. 1364 жылы Кайсериге оралғанда, Еретнаұлы Мехмед Бей оны қаланың қазысы етіп тағайындады және өз қызын оған берді. Қазы болып тұрған кезінде әділеттілікті қорғауға шын жүректен күш салды. Діни қорлардың табысын қадағалап, ол жерлердің заңсыз қолданылуына жол бермеді.

1365 жылы Хажы Шадгелді, Хажы Ибрахим және Қылышарслан әмірлердің Еретнаұлы Мехмед Бейді өлтіруі елде үлкен дүрбелең тудырды. Бұл оқиғада Қазы Бұрханеддин туралы түрлі қауесеттер айтылса да, оның бұл қастандықтағы рөлін нақты анықтау мүмкін болмады. Еретнаұлы Мехмед Бейдің орнына өткен он үш жасар ұлы Алааддин Алидің қабілетсіздігі мен әлсіз мінезінің кесірінен қысқа мерзімде мемлекеттің тұрақтылығы шайқалып, әр қолбасшы өз басына әрекет ете бастады. 1375 жылы Қараманұлы Алааддин Бей Кайсери қаласын жаулап алды. Еретнаұлы Алааддин Али Бей Сивасқа қашып кетті. Қазы Бұрханеддин алдымен өзінің Кайсери маңындағы үйінде құлшылыққа бас ұрғанымен, кейбір мемлекет қайраткерлерінің көндіруімен қайта саясатқа араласып, Қайсери қаласын Караманұлдарынан қайтарады. Осылайша, ол қазылық қызметке қоса әскери және саяси қабілеттерін дәлелдеді. Содан кейін Еретнаұлы Алааддин Али Бей 1378 жылы маусым айында оны өзінің бас уәзірі қылып тағайындайды. Уәзір болып тұрған кезінде Қазы Бұрханеддин билікті өз қолына алуға тырысты. Алааддин Бей бұған қарсы шығып, ұлы тұлғамыздың ықпалын шектеуге тырысты. Бұл саяси күресте жеңіске жеткен Қазы Бұрханеддин әкімшілік және әскери күштерді өз қолында жинақтады.

Еретнаұлы Алааддин Али Бей 1380 жылы қайтыс болғаннан кейін әмірлер арасында билікке талас басталды. Ең алдымен билік Қылышарсланға берілді. Қылышарслан Қазы Бұрханеддинге қастандық ұйымдастырмақ болды. Бірақ бұл жоспары әшкере болып, ұлы тұлғамыз қарсыласын өлтірді. Осы оқиғадан кейін халық Қазы Бұрханеддинді билікке шығарды. Қазы Бұрханеддин өзінің ендігі қарсыласы Амасия әміршісі Хажы Шадгелдінің көзін жойып, 1381 жылы Сиваста өз билігін жариялады. Теңге соқтырып, құтпа оқытқан ұлы тұлғамыз Анадолы, Сирия және Ирактағы сұлтандар мен әмірлерге елшілер жіберіп, өзінің билігін жариялады. Осылайша Еретнаұлдары Бейлігін алмастырған Қазы Бұрханеддин үстемдік ету аймағын кеңейту мақсатында Қараманұлдары, Мәмлүктер, Османлы және басқа бейліктермен соғыса бастады. Он жеті жыл билік еткен Қазы Бұрханеддиннен Әмір Темірдің өзі сескенген болатын. Бірақ 1398 жылдың шілдесінде Қазы Бұрханеддин Аққойлы мемлекетінің билеушісі Қарайүлік Осман Беймен болған шайқаста тұтқынға алынып, Сивас маңында өлтірілді.



Ұқсас жаңалықтар